Қарағанды қаласындағы ақындар айтысы
Ақындар айтысының жаппай етек алып жандана түскен кезі 1943 жыл болды. Ақпан айының соңында Қазақстан жазушылар одағының III пленумы шақырлып, оған көрнекті халық ақындарының бір тобы қатысты.
Кенен Әзірбаев пленумда сөйлеген сөзінде халық ақындарының еңбекшілерді жеңіске жігерлендірудегі патриоттық істерін айтады. Пленумнан кейін, 2 наурыз күні халық ақындары республика басшыларымен кездесіп, жер-жерде ақындар айтысын өткізуге ұсыныс жасады. Ұсыныс қабылданып, аудандар мен облыстарда айтыс өткізу ұйғарылды. Жазушылар одағына, облыс басшыларында нақты тапсырма берілді.
Айтыстың тәрбиелік мәнінің үлкендігі сонда, оның жоғары деңгейде өтуіне облыстық партия комитеті ғана емес, Орталық Комитеттің өзі де баса көңіл бөлген. Әуелбаста "Советтік Қарағанды" (қазіргі "Орталық Қазақстан") газет ұжымынан шыққан осы бастаманың ел басына ауыр күн туған шақтағы елге тигізер оң ықпалын жете ұғынды. Айтысты ұйымдастырып, өткізуге қазақ әдебиетінің ірі өкілі, сөз зергері Ғабит Мүсірепов бөлінді. Осы ақындар айтысы туралы газеттің сол кездегі редакторы Ә.Қарағұлов өзінің "Баспасөз және уақыт тынысы" кітабында былай дейді: "… Қарағандыда Доскей Әлімбаев дейтін көпті көрген көне, белгілі халық ақыны бар-ды. Редакцияға жиі келіп тұратын. Бірде ол майдандағы армияның ерлігіне арналған өлеңін әкеліп, өзінің жас кезінде бір ақынмен айтысқаны жөнінде әңгіме айтты. Жұртшылықтың делебесін қоздыратын, кәріні де, жасты да тебірентетін осы айтыс өнерінің соңғы жылдары ұмыт болып бара жатқанына қынжылатындығын сездірді. Бұл біздің журналистерге ой салды.
Жергілікті ақын-жазушыларды редакцияға жинап, пікір алыстық. Әуелі екі шахтаның атынан екі халық ақынын айтыстырып көрмек болып ұйғарылды. Екі апта бойы дайындық жұмысы жүргізілді". Міне, осыдан соң Қарағанды қалалық партия комитеті мен "Советтік Қарағанды" газетінің редакциясы 1943 жылдың 13 маусымында бассейнде ақын-жазушылар мен кеншілердің кездесуін өткізген. Кездесу "Ұлы Отан соғысы және Қарағанды кеншілерінің міндеттері" деген тақырыппен өткен. Бұл шын мәнісіндегі кеншілер қаласындағы айрықша бас қосу еді. Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң ортаға екі ақын шықты. Бұлар №18 және №20 шахталар атынан айтысқа шыққан ақындар Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин болатын. Осы екі ақынның айтысын Ғ.Мүсірепов қорытады.
Обком бюросы еңбекшілер арасында үгіт-бұқаралық жұмыстың пәрменділігін күшейту құралы ретінде өзін толық ақтаған жарыстың дәстүрлі халықтық формасы болып табылатын ақындар айтысына үлкен саяси маңыз бере келіп, 14 тамызда Қарағанды мен Балқаш қалалары халық ақындарының айтысын өткізу жөнінде редакцияның қалалық партия комитетімен бірлесіп жасаған ұсынысын мақұлдады, деп еске алады өз естелігінде Әбдуәли Қарағұлов.
Соның нәтижесінде 14 тамызда Қарағанды мен Балқаш қалалары халық ақындарының айтысы өтіп, Қарағандының намысын Көшен Елеуов қорғаса, балқаштықтар атынан Шашубай Қошқарбаев шығады. "Советтік Қарағанды" газеті редакциясы ұжымының шағын бөлмесінде туындаған осы идея үлкен халықтық дүбірлі сайысқа ұласты. Елдің ақындар айтысына деген құмарлығы соншалық, ақындар айтысы өткен ғимаратта ине шаншар орын болмады. Балқаш пен Қарағанды ақындарының осы айтысы туралы Ә.Қарағұлов былай әңгімелейді: "Балқаш мысшыларының белгілі тілмар ақыны Шашубай Қошқарбаев пен Қарағанды кеншілерінің жезтаңдай жүйрігі Көшен Елеуовтің бұл айтысы екі жақтың да делебесін қоздырды. Дуылдаған көпшілік түні бойы тыңдаса да құлақ құрышы қанар емес. Ақындардың да аяқ алысы күшті. Бірінен бірі асып түседі. Сөз маржаны жарқ-жұрқ етіп ақтарылып жатыр…"
Мұндай айтыстар Нұра, Шет, Қарқаралы жерлерінде де өтеді. Жалпақ жұртқа кеңінен таныла бастаған жыр сайыстары бұдан кейін өрісін ұзартып, облысаралық ақындар айтысына ұласады. Семей-Қарағанды қалаларының ақындарының айтыстары "Советтік Қарағанды" газетінде "Асыл сөз, тасқынды жыр жеңіс үшін" деген ортақ тақырыппен толық нұсқасында жарық көреді. Бұл айтыстың кейбіреулері Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындап, 1966 жылы "Жазушы" баспасынан шығарғын. "Айтыс" атты кітаптың үшінші томына кіргізілген. Ондағы Шашубай мен Көшеннің, Маясар мен Нұрлыбектің. Қайып пен Ілиястың, Шашубай мен Болманның, Болман мен Нұртазаның, Ғабидман мен Жолдыкейдің, Иманжан мен Әбілқасеннің, Нияз бен Болманның айтыстары соғыс кезіндегі және одан кейінгі соғыстан күйреген шаруашылықтарды қалпына келтіру тұсындағы қала мен дала тарихының жанды суреттері тәрізді ел шежіресінің алтын парақтары болып қала берері сөзсіз.
Газеттің 1943 жылғы 27 тамыздағы санында Ғабит Мүсірепов "… Сонымен Қарағанды облысында қайта туған айтыс қазір бүкіл республикалық көлемге қанат жайып кетті", деп жазды.
Бұдан бұрын да жер-жерде сиректеу болса да өткізіліп жүрген айтыс өнері дәл осы жолғыдан кейін қанатын кеңге жайып-ақ кетті.
Соғыс жылдары қазақтың ежелгі өнері – ақындар айтысына облыстық партия, совет ұйымдары айтарлықтай көңіл бөліп отырды. Мұның өзі байырғы өнердің жаңарып, жасарып, дами түсуіне жағдай жасады. Мәселен, облыстық Совет атқару комитеті өзінің мәжілістерінде ақындар айтысының жайы, халық ақындарының жұмысы, тұрмыстық жайы туралы мәселелерге ұдайы айналып соғып, арнайы шешімдер қабылдап отырды.
Осы 1943 жылдың (14 тамыз) өткізілген ақындардың республикалық айтысында Қарағанды облысының ақындары алдына жан салмады десе де болғандай. Оған Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің 6 қаңтарда жарық көрген, Қарағанды облыстық архивінде сақтаулы "Республикалық ақындар айтысындағы жүлделі орын алған жеңімпаздарға сыйлықтар беруді шешетін Үкімет жюриінің шешімдерін бектіту туралы" қаулысы куә бола алады. Бұл қаулыда осы жарыстарда бірінші жүлдені дау-дамайсыз жеңіп алған Қарағанды облысы командасының, бүкіл облыстық "жалын ақындар айтысын ойдағыдай ұйымдастырып отырған үлгілі жұмысы ерекше атап" көрсетілген.
Кері қайту
Қайып Айнабекұлы
Қайып Айнабекков халық ортасынан шыққан, көрнекті талант иесі, ақын.
Қ.Айнабеков 1885 жылы Нұра өзенінің жағалауындағы Кеңқия аулында (қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көгілдір селосы) кедей шаруаның отбасында туды.
Әкесі Айнабек Қайыптың қаршадайында қайтыс болған. Ержетіңкіреп еңбекке жарағанға дейін Қайып нағашылырының қолында тәрбиеленеді. Кейін олардан бөлініп шығып, өз бетінше еңбек етіп, күн көрген. Қазақ даласындағы қалың кедейдің сол кездегі шеккен азабын, тұрмыстың ауыр жүгін Қайып та бірге арқаласып, басынан бірге өткізеді. Тек Ұлы Октябрь социалистік революциясының арқасында ғана ақын азат өмір құшағына еніп, еркін еңбекке беріледі. Кейін ол әр түрлі әлеуметтік қызметтерге қатынасады. Орталық Қазақстанда Совет өкіметін орнату жолындағы күреске белсене араласа отырып, Қайып 1920 жылы Коммунистік партияның мүшелігіне кіреді. Саяси шаруашылық мекемелерінде жұмыс істейді. Ауылда мектеп ашып, жас ұрпақтарға білім беру ісіне жіті ат салысады. Қайып ұзақ уақыт бойы Қарағанды қаласында тұрған.
Қоғамдық тіршілік пен әдебиет ісіне белсенді қатысқаны үшін халық Қайып Айнабековты Қарағанды қалалық, облыстық Советтеріне көп жылдар депутат етіп сайлап, зор құрмет көрсеткен. Еңбекшілердің білдірген бұл сенімін Қайып қалтқысыз зор абыроймен ақтап отырған. Ақынның "1941–1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы тұсындағы еңбектегі ерлігі үшін" медалімен және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталуы, 1943 жылы Қазақстан совет жазушылар одағының мүшесі болып алынуы сол елеулі еңбектің нәтижесі еді.
Жас кезінде-ақ Қайып өлең, әңгіме-ертегі, жырға әуес болады. Жастық, достық жайында өлең шығарып дағдыланған ақын бірте-бірте ширап, жетіле береді. Сөйтіп, өлең Қайып өмірінің өрнекті өзегіне айналады.
Қ.Айнабеков ақындық жолға ерте түскенімен өлең жазуға машықтанып, өлеңді шын мәнінде өнер деп тануы 1907 жылдардың тұсы. Сол кезде шығарылған "Сұлу қызға жазған хат", "Сұлудан жауап" сияқты лирикалық қысқа өлеңдерінің біздің дәуірімізге жетуі мұның айқын дәлелі. Қайып "Жастардың жазғы ойынға бару түрі", "Ойынның ішкі көрінісі" секілді ойын-сауықты тамашалайтын өлеңдерін 1914 жылдары шығарған.
Ақын творчестволық жолын осылай көңіл-күйі, махаббат лирикаларын жазудан бастағанымен, бірте-бірте әлеуметтік мәні бар мәселелерге ауысады. Қайып ендігі жерде жоқшылықтың зарын, тұрмыстың тауқыметін, таршылығын тартқан қазақ еңбекшілерін жырына қосады. Үстем тап өкілдерінің елді жегідей жеген әр түрлі зұлымдық ниет, арам пиғылдарын, келіссіз іс-әрекеттерін ащы масқылмен ашына түйрейді.
Қ.Айнабеков Октябрьдің жеңісін, Қазақстанда совет өкіметі орнауын өз көзімен көріп, оны жыр өзегі еткен ақындардың бірі. Ол ескіні ертеден есінде сақтаған, жаңаның жалынды жаршысы болған ақын. Жиырмасыншы жылдары Қайып қазақ кедейлеріне бостандық әперіп, әйелдерді еркін теңдікке жеткізген Совет өкіметі туралы толып жатқан өлең, жырлар шығарады. "Өмірді ұқсату", "Тану", "Жұмсау", "Азат құс", "Үндеу", "Кедейлерге", "Әйелдерге", "Тілеу ниетім", "Қазақстанның мүшелеріне" секілді т.б. ақын туындылары осы кезеңнің үлесіне жатады.
Қайып қашанда болса халықпен, қалың бұқарамен тығыз байланыста болды. Осы тұрғыдан алғанда еңбек тақырыбы – Қайып творчествосындағы сүбелі тақырыптардың бірі. Ақынның "Лавада", "Шахтерміз", "Қарағанды сәлемі", "Қарағанды", "Көмір", "Шахтерлер серті", "Шахтер сөзі" т.б. көптеген өлең, жырлары осы тақырыпқа арналған.
Қайып Айнабековтың ақындық үгітшілік өнері Ұлы Отан соғысы жылдарында да ерекше көзге түсті. Еліміздің ұл, қыздарын әділет жолында қолына қару алып қанды соғысқа аттанған кезде Қайып та өзін партияның қарт солдатымын деп санап, жауға қарсы құлшына үн көтерген халық талантарының алдыңғы сапында болды. Оның осы отты жылдарында, қаһарлы күндерінде, қиын-қыстау, сын сағатта айтқан өлеңдері, дарынды да жалынды жырлары "Жауынгерлерге", "Майданға хат", "Қызыл флот" т.б. жауға мір оғындай болып қадалады Жау тізесін тез бүктіру үшін тыл еңбекшілерін ерлік еңбекке шақырады.
Қ.Айнабеков сонымен бірге айтыс ақыны. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген игілікті істерге белсене араласқан. Қарағанды ақындарының 1943 жылғы алғашқы айтысын бастаған осы Қайып болатын. Ақынның осындай еңбегін академик-жазушымыз Ғ. Мүсірепов дер кезінде жоғары бағалады: "Айтыс–ақындар қатарын молайта түсуге де, екшеуге де жол ашып отыр. Бұл күнге дейін қалтарыста қалған Қ.Айнабеков сияқты ақындарымыз Қарағанды айтыстарының үстінде өздерін жұртқа көрсете алды, өсіп те қалды. Басқа реттерде көптің бірі сияқты болып жүрген ақындардың ішінде шаршы топқа түскенде құлаштай алатындары барлығы да сол айтыстарда көрінеді. Шашубайға төтеп бере алған Көшен, іргелі ақын Сәби мен Ілиясты жеңген Қайып бұл айтыстарға дейін көріне алмай, елеусіз жүріп еді",–деп жазған.
Бұл айтыс дәстүрі кейінгі жылдарда да жалғаса берген. Қайып 1947 жылы екінші рет Көшен Елеуовпен, Ілияс Манкинмен айтысқа түсіп тағы да жеңіп шыққан.
Қ.Айнабеков сонымен бірге қазақтың ерте кездегі ауыз әдебиет нұсқаларын, мақал-мәтелдерін, аңыз-әңгімелерін, шешендік сөздерін жадында көп сақтаған жыршы, әңгімеші де.
Қайып–халық таныған қарт ақындарымыздың бірі. Оның артында сонша бай болмағанмен біраз әдеби мұра қалды. Сол үшін де ақын есімі халық жадында ұзақ сақталмақ.
Кері қайту
Ғаббас Айтбаев
Ғаббас Айтбаев 1882 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы (бұрынғы Егіндібұлақ ауданы) К.Маркс атындағы колхозында дүниеге келген.
Ол қазақ халық ақыны, композитор. 1920 жылдан КОКП мүшесі. 1922 жылы Қарқаралыда өткен халық ақындарының айтысында бірінші орынды жеңіп алған. Әкесі Айтбай–Арқаның белгілі әнші-композиторларының бәрі. Айтбаевтың әншілігіне испанның гитаршысы Андрея Сеговия тәнті болып, оның орындаушылық өнерін жоғары бағалаған. Ол 1927 жылы Москвада Советтердің төртінші съезі делегаттарына ұйымдастырылған концерттерде жұртшылық назарына ілігеді. Сол жылы өлкен театрда этнографиялық концертке қатысып, зор абыройға ие болады. Александр Затаевич Айтбаевтан он екі ән жазып алған. "Ғаббастың "Ардағының" өзі поэзия. Ол қиялыңды шарқытатын жазғы кештегі ай сәулесінің, Сахараның тылсым тыныштығының ғажайып көрінісі–суреті", - деп жазған А.В.Затаевич. Айтбаев қазақ ауылын советтендіруге белсене ат салысып, өзінің туған жерінде өмірінің соңына дейін ауыл совет председателі болып қызмет етті. Ғ.Айтбаев Қазыбек би селосында жерленген.
Кері қайту
Доскей Әлімбайұлы
Топжарғын ақын, айыр-көмей шешен, жезтаңдай әнші, дарынды композитор, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, орденді халық ақыны Доскей Әлімбайұлы 1850 жылы "Сораң" деген жерде дүниеге келген.
Жасынан жетім қалып, байларда жалшылықта жүрген.
Жас шағынан өнер мәдениетін - әйгілі Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Біржан салдардан үйреніпті. Доскей Орынбай, Кемпірбай сынды өнерпаздармен кездеседі, Үкілі Ыбырай және Ақан серімен айтысады. "Көмейің кең, тілің мірдің оғындай өткір екен…" - дейді Біржан, Доскейге домбрасын сыйлап.
Доскей әу бастан аңыз - әңгімелерге, ертегі - жырларға, ән-күйге құлағын түріп, зейініне тоқып, халықтың ақ жамбыдай асыл дүниелерін жадына ұстап жүреді. Жасынан жетім қалған, байлардың жалшысы болған ол 16 жасынан өзінің ақындығын таныта бастайды. Революцияға дейін Доскей патша үкіметі мен бай, билердің айуандық қылықтарын өзінің өткір жырларымен өлтіре шенеді. Халық ішінен шыққан ақын Доскей қанша қудаланып, қиындыққа кездессе де, үстем тап өкілдерінің алдына бас имеген. Кеңес заманы орнағаннан кейін Доскей көмірлі Қарағандыда өмір сүрген. Сондықтан шығармаларының негізгі тақырыбы Қарағанды кеншілерінің өмірі мен еңбегі болды. "Қарағанды", "Екі сайлау", "Жүрегім" деген өлеңдері ақынның таңдаулы шығармалары болып есептеледі.
Жасы жүзге аяқ басқан Доскей Әлімбайұлының ақындық дауысы майдан жылдарында ерекше екпінмен естіледі. Отан қорғау жолындағы әрбір жеңісті, әрбір жаңалықты, әр жауынгердің егжей-тегжейлі анықтап, сұңқарша саңқылдады. Алпыс дұшпанның көзін құртқан қазақтың батыры Досмағамбетовтың, Жұмалиевтың асқан ерлігін баяндады.
1943 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин Қарағанды қаласында болғанда, оны Доскей Әлімбайұлы өлеңмен құттықтайды.
Доскей қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін, шешендік, тапқырлық сөздерді, тарихи адамдардың өмірі мен өнерін өте көп білген. Ақынның айтуында, Ақдәме қыз бен Асан ханның айтысы бар. Сондай-ақ Доскей - "Қажымұқан", "Бақыт іздеуші тазша", "Қара сиыр" дастандарының авторы.
1939 жылы Д.Әлімбаевқа Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша "Қазақ халқының ауызша халық творчествосын өркендету ісіне озат еңбек сіңіргені үшін", "Қазақ ССР өнеріне еңбек сіңірген қайраткері" атағы, 1940 жылы "Құрмет белгісі" ордені берілді.
1940 жылы мамырда Доскей Әлімбайұлының жасының тоқсанға, ақындық қызметінің 75 жылға толуына орай республикалық көлемде мерейлі мерекесі аталып өтті. Бұл тойға Н.Байғанин, Н.Бекежанов, Н.Баймұратов, С.Мұқанов, Ш.Қошқарбаев, Қ.Әбдіқадыров, А.Тоқмағамбетов қатысты. Нүрпейіс, Шашубай, Нартай, Нұрлыбек сынды халық ақындары той иесіне жырмен шашу шашты.
Сезімі өткір, қиялы ұшқыр, ақын Доскей жасы жүзге таяп қалған күннің өзінде ел өміріндегі елеулі оқиғаларды, ұлан - асыр той мерекені қанатты шабытпен жырға қосатын. Ол өмірінің соңғы көп жылдарын өзі тұстас, өзінен кіші де ақындармен айтыспен өткізді. Мұнда көбіне Орталық Қазақстанның, көмірлі Қарағандының еңбек өрендерін, ақын - жыршыларды, ел қорғаған батыр-ерлерді, ана мен бөбектерді, халықтар достығын жырлады. Ол өзінің домбра күйімен, қарт үнімен Ұлы Отан соғысының ерлерін мадақтап, зұлым жауды жеңіп шығуымызға ізгі ниет -тілегін білдіріп отырды.
Ән мен сөздің шебері - Д.Әлімбайұлының өмірі мен творчествосын зерттеп, халық арасына насихаттауда Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы бойынша сол кездегі өкілдері Рахымбай Құлбаев, Айтбай Хангелдин, Әуезхан Көшімов, Қалижан Бекхожин, Аллажар Теміржанов, Жаппар Өмірбеков, Бүркіт Ысқақов.
Жасы жүзге таянғанда, 1946 жылғы 2 - қазанда Доскей Қарағандыда қайтыс болды. Ақынды арқа жұртшылығы, оның ішінде Қарағандылықтар көзі тірісінде де, қайтыс болған соң да қадір тұтып, оған зор құрмет көрсетті. Д.Әлімбаев есімімен Қарағандыда көше, жатқан жерінде - Бұқар жырау ауданында елді мекен аталды.
Кері қайту
Ахметбек Байсалбайұлы
Біздің өлкеміз өткенде де, қазір де өзінің тамаша адамдарымен белгілі. Солардың бірі бүкіл Қазақстанға белгілі болған ақын Ахметбек Байсалбайұлы. Ол 1878 жылы қазіргі Бұқар жырау (бұрынғы Тельман) ауданы Қызылқайың /Березняки/ ауылында дүниеге келген.
Жастайынан өлең шығарумен әуестенген, өз шығармаларында халықты отаршылыққа, егіншілікке үгіттеген. өзінің қонысына ағаш еккен, бұл шоқ тоғайлы жер Ахметбектің қызыл қайыңы деп аталады. Жастарды өнерге, білімге баулыған, кітапхана ашқан. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында сол өңірдегі Байдәулет болысының төрағасы болады.
Ахметбек халық ауызынан көп құнды әдеби мұра жинаған. "Қанда жорық" дастанында отызыншы жылдардың басында ел ішіне ылаң салып, ашаршылыққа душар еткен асыра сілтеушілерді өлтіре сынайды. Сол үшін жазықсыз айыпталады. 1966 жылы толық ақталады.
Қарағанды облысында Ахметбек есімімен әк тас кен орны аталады.
Кері қайту
Кемпірбай Бөгембайұлы
Кемпірбай Бөгембайұлы қазақтың суырып салма ақыны, әншісі. Ол 1834 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Тәттімбет атындағы ауылында дүниеге келген, 1895 жылы қайтыс болған.
Атақты ақынның әйгілі жыр жампоздары Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай ақындармен айтыстары халық арасына кең тараған. Кемпірбайдың Шөжемен айтысының аяғы жұмбақ айтысқа айналады. Ал Кемпірбайдың Жәмшібаймен сөз қағысы ру айтысының дәстүрінде өтеді.
Әсет ақынның Кемпірбай ауырып жатқанда көңілін сұрай келіп айтқан өлеңі, оған Кемпірбайдың қайтарған жауабы көркемдік жағынан қазақ фольклорының тамаша үлгілерінің бірі.
Кемпірбай өлеңді кәсіп еткен ақын. Үйде де, түзде де домбрасын қолынан тастамаған. Ақындарды іздеп жүріп айтысқан. Халықтың көңілін өлең жырмен көтеруден жалықпаған.
Кемпірбайдың Шөже мен айтысы өзіндік ерекшелігімен, оқиғасы соншама шиеленіске құрылуымен бағалы дүние. Екі ақын да тапқыр. Екеуінің өлеңінде де ой "пәле-ай", "өркенің өссін" деген ризашылығын жиі естіген. Екі ақынның айтысы 1910 жылы қазанда "Қазақтың айтыс өлеңдері" деген атпен жарық көрді. Бұдан кейін 1931 жылы С.Сейфуллиннің құрастыруымен "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" атты кітабында жарияланды.
Кемпірбайдың көп шығармасы біздің дәуірімізге жетпеді. Әйтсе де оның осы мұрасының өзі, әсіресе, "Әсетпен арыздасуы" атты туындысы ақынның қазақ әдебиеті тарихынан өзіне лайық орын алуына мол жетіп жатыр. Өйткені бұл өлең туған ел, туған жермен қоштасу ғана емес, оны даріптеуге құрылған.
Кері қайту
Көшен Елеуов
Көшен Елеуов Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Бесоба ауылында дүниеге келген. Әкесі аңшы, мерген, домбрашы, сауыққой болған.
Бала кезінде Көшен моллада оқиды. 1916 жылы Көшен майданға алынып, Ресейдің батыс шекарасында қара жұмыс істейді. Алғашқы өлеңі – "Елге сәлем" осы жылда жазылған. Оны Семей қаласынан аттанып, окоп қазуға бара жатқан сапарында жазған. К.Елеуов олеңдерінде халытың ескі замандағы ауыр тұрмысын жырлады.
Майданнан босанысымен Көшен аға еліне келіп, әуелі ауылдық Совет председателінің орынбасары, кейін "Қызыл Ту" ауыл советінде председатель қызметін атқарады.
Көшен аға еңбек адамдарының жарқын істерін жырлады. Аттары аңызға айналған тарихи адамдарға, Ұлы Отан соғысының батырларына, Қарағандының атақты кеншілеріне арнап, "Баян", "Қорқыт", "Бозінген", "Екі дос", "Қарағанды", "Жылқышы", т.б. дастандарын шығарды. Ақын аудандық, облыстық, республикалық халық таланттарының жиындарына қатынасып, онда Шашубай Қошқарбаев, Ілияс Манкин, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағамбетов, т.б. тәрізді ақындарымен айтысты.
К.Елеуов қазақ халқының ауыз әдебиеті Әлгілерін жинау ісіне жемісті еңбек сіңірді.
Айтыстары мен топтама өлеңдері. "Ақындар жыры" (1963), "Пернедегі термелер" (1965), "Айтыс" (3-т., 1966), "Ленин деп халық жырлайды" (1969) жинақтарында жарияланды.
Тамыздың 31-де 1971 жылы Бұқар жырау ауданы "Буденый" атындағы ауылында ақын Көшен 79 жасында дүние салды.
Кері қайту
Иманжан Жылқайдаров
Өз ортасында шешендігімен, шежіреші, жыршы-жыраулығымен танылған халық ақыны Иманжан Жылқайдаров 1886 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келген.
Ол халқына қадірлі болған адам. Иманжанның әкесі Жылқайдар от ауызды, орақ тілді шешен болған. Ал, анасы Қалипа атақты Жәуке батырдың інісі Шоңның қызы, ақылына көркі сай жан болған екен. Иманжан атақты Сәмбет күйшіден домбыра тартуда үйренеді. Жастайынан өлең-жыр, өлең-жыр, домбыраға құмар болған Иманжан есейе келе серілік, салдық, ақындық жолға түсті. Ескіше оқып хат таныды. Зерек те, алғыр Иманжанның білімге құштарлығын байқаған алғашқы ұстазы Әмірғали Құлтыбайұлы оған: "Ақын болғың келсе шығыс шайырларынан оқып үйрен" деп кеңес беріп, өзі оған араб, парсы, шағатай тілдерін үйретеді. Шығыс әдебиетін оқып үйренген Иманжан өзінің тұңғыш өлеңін де суреттегі сұлуға арнап "Гүлжаһанға" деген атпен жазғаны белгілі. Соден бастап, Иманжанның ел арасында ақындық, жыршылық атағы шыға бастайды. Оның өлеңдері мен жырларының негізгі тақырыбы Отан, туған жер, елдік пен ерлік, адамгершілік болып жалғаса береді.
Иманжанның арнасы кең. Ол нені айтып, нені жырласа да жүрегімен жарыла ақтарылып, тебірене толғанады. Айтпақ ойына образдар мен тың теңеулерді таба біледі. Ақынның ақындық қуатының өзі де дәл осында болса керек. Ол табиғатты адамның ой-сезім дүниесіне бағындыра жанды бейнедей суреттейді. Жаратылыстың өзінде бар сұлулықты поэзия арқылы онан да ажарлап, көркемдеп, көз алдыңа келтіреді.
Ақын шығармашылығының елеулі бір саласы балалық шақты жырлауға арналған. Осыған орай, 1959 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының "Жастарым жайна" деп аталуы әбден орынды. Бұл жинаққа ақынның жиырмаға тарта өлеңдері енген. Ақын өлеңдері арқылы жастарды оқуға, өнеге, білімге шақырады. Қазақ әдебиетіне Мұқан сынды дарын сыйлаған Иманжан ата әдебиет сүйер қауымның құрметтісі де, қадірлісі болып танылды.
И.Жылқайдаровтың кейбір шығармалары "Айтыс" 1965-66 ж., "Пернедегі термелер" 1965 ж. Атты жинақтарға енген. Ақынның "Әділбек" атты поэмасы мен айтыстарының көбі қолжазба күйінде сақталған.
Алматы, Жезқазған қалаларының құрметті азаматы, халық ақыны атанған И.Жылқайдаровтың терең мазмұнды өлеңдері бүгінгі жастармен бірге.
Кері қайту
Ғабидман Игенсартов
Қазақ халық ақыны Ғабидман Игенсартов 11 желтоқсан күні 1902 Қарағанды болысы Қарқаралы ауданында туған. 1925 жылдан КПСС мүшесі. Жас кезі байлардың есігінде жалшылықта өтті. Октябрь революциясынан кейін сауатын ашты.
1923 жылдан бастап қазақ ауылдарын советтендіру ісіне араласты. 1927 жылы Темірші болысы жалшылар комитетінің председателі болды. 1929 жылы ҚАССР ОАК-нің мүшесі болып сайланды. 1930-1960 жылдар аралығында Қарағанды облысының совет орындарында, тұтынушылар мекемелерінде, көмір шахталарында, "Советтік Қарағанды" газеті редакциясында қызмет істеді. Ғ.Игенсартовтың ақындық қызметі 1920 жылдан басталады. Алғашқы өлеңін–"Ақ қошқар жоқтауы" 1930 жылы шықты.
Оның өлеңдері 1930 жылдан бастап Семей, Қарағанды облыстық, аудандық газеттерінде жиі жарияланды. Олардың көбі негізінен сықақ, мысқыл өлеңдер. 1934 жылы Игенсартовтың тұңғыш көлемді шығармасы "Ақ бидай" поэмасы, бұдан кейін "Лавадағы өмір" (1949), "Шахтер сөзі" (1949), "Шынар", "Арман" (1964), "Тың дала" (1968), "Айдау Әбен" (1970) дастандары, тағы басқа шығармалары жарық көрді.
Ғ.Игенсартов өзінің поэмаларында совет адамдарының жасампаз еңбегін, олардың бойындағы асыл қасиеттері және ерлік, достық махаббат тақырыптарын жырлады. Ғабидман Игенсартов Қазақ ССР Жоғарғы Советінің құрмет грамотасымен екі рет марапатталды. Ал 1962 жылдың желтоқсанында оған Халық ақыны деген құрметті атақ берілді. 1963 жылдан бастап оған республикалық дәрежедегі дербес пенсия тағайындалған болатын.
Кері қайту
Тайжан Қалмағамбетов
1879 жылы осы күнгі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Айыртау бөктерінің Қаратал деген елді мекенінде дүниеге келді.
Ақынның әкесі Қалмағамбет елге сыйлы, Ұлытау төңірегіне беделді болып, молдалық құрған тақуа адам. Анасы Мейіз қазақтың ұлы сазгері, әйгілі "Гәкку" әнінің авторы, сыршыл ақын, қайталанбас әнші Үкілі Ыбырайдың туған әпкесі.
Тайжан - суырып салма ақын. Жастайынан ән-жырға, шешендік сөзге әуес болған. Алғашқы өлеңдерінде ауыл адамдары арасындағы қайшылықтар, оқиғалар жырланады. Ақындық атыншығарған өлеңі – "Сегізден бастап сенделдім" (1892). Өз тұсындағы көптеген ақындармен айтысқан. "Октябрь құдіреті", "Дем алдым салқындап", "Мен қайттым Мәскеу барып", т.с.с. өлеңдерінде кеңестік өмірді жырға қосады. К.Алтайскийдің аудармасымен ақынның бірнеше шығармасы "Правда", "Известия" газеттерінде жарияланған.
Сарыарқаның дүлдүлі, Ұлытаудың бұлбұлы, Қарсақпайдың ақыны Тайжанның ерекше дәуірлеген кезі 1934 жылдан басталады, сол жылы республикалық көркемөнерпаздар құрылтайында ең биік дәрежеге жетті. Топқа түссе шашасына шаң жұқтырмай өткен өнер иесі – Тайжан 1936 жылы Мәскеуде Қазақстанның өткен онкүндігіне қатысып, қазақ өнерінің мәртебесін көтерген көрнекті қайраткерлердің бірі.
Тайжан ақын қазақтың үш жүзіне де танымал асқан әнші, ақын, сазгер болып қалыптасты. Тек аумалы-төкпелі заманда, 1937 жылы халық жауы атанып, ұсталып, нақақтан атылып кетті.
Тайжан Қарсақпай поселкесіндегі түрмеде қабырғаға жаза берген өлеңдерін сол бөлмеге келіп қамалған бір туысы жазып алып, өзі түрмеден босағасын жиналған жұрт ортасында ақынның осы туындысын оқып отырғанда "біреу" қолынан жұлып алып, отқа салып жіберген көрінеді. Өлең өте ұзақ. Соның 1-2 шумағы ғана сақталған.
Қуғын-сүргінге ұшыраған сонау қандыбалақ 1937 жылдан 1958 жылы Хрущевтың "жылымығы" жеткенше Тайжан "халық жауы" атанды, аты аталудан, еңбегін ел көруден қалды, туған-туыстары қуғын-сүргінге ұшырады. Тек 1970 жылдардан бастап ақынның асыл бейнесін айқын сипаттауға жол ашылды. 1972 жылы жас талапкер филолог Шамқан Қыстауұлы рахметов Тайжан поэзиясы тақырыбына диплом жұмысын қорғады.
Тайжан айтқан өлең-жырлары көбінесе ауызекі қалпында айтқан, тек өнерсүйгіш қауым, ақынның жанашырлары жаттап алып, ұрпақтан-ұрпаққа шығармаларының біраз бөлігін жеткізген.
Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері К.Салықовтың құрастыруымен 2004 жылы Алматыдағы "Қазығұрт" баспасынан Т.Қалмағамбетұлының "Сақ-сақ күлсін сырнайым" атты жинағы жарыққа шықты. Сонымен қатар Алматыдағы "Үш қиян" баспасынан К.Салықовтың "Ақын Тайжан" атты кітабы шықты. Бұл екі кітап Тайжан Қалмағамбетұлының 125 жылдық мерейтойына арналған.
Кері қайту
Бұқар жырау Қалқаманұлы
Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған.
Бұқардың арғы тегі Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған.
Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы Арқа өңірімен тығыз байланысты. Бірақ та жастық шағы, қандай өмір өткелдерінен өткендігі, туған, өлген жылдары жайында нақты деректер жоқ.
Бұқар жырау ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 жылы өлген) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқасайсымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады. Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілемінде жерленген.
Бұқар жыраудың шығармалары философиялық-дидактикалық толғау түрінде бізге жеткен. Олар бейнелі суреттерге бай, ұлттық бояуға қанық, көркемдігі кемел. Жырау халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдалана білген.
"Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен" деп жазады белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.
Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы – халқына, отанына деген ыстық махаббаты. Ол отанды сүюге, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға үндейді.
Көреген ақын қазақ халқының ұлттық бірлігі қажет екендігін айқын түсініп, бұл тұрғыда Абылайды бірлік идеясын жүзеге асыра алатын қайраткер ретінде жырына қосады, сыртқы жаулармен күресте қазақ жүздерін біріктірер қолбасшы, көзсіз батыр ретінде сүреттейді. Ал егер оның іс-әрекеті халық мүддесіне кереғар келсе қорықпай-үрікпей сын тезіне салады.
Жырау шығармашылығындағы басқа бір маңызды тақырып адам табиғатының өзгеруі, дүниенің бір орнында тұрмайтындығы. Бұқар өмірді кезең-кезеңге бөліп, адамның жасы оның санасын, мінез-құлқын, көңіл күйін, күш-жігерін қалай өзгертетіндігін көрсетеді. Оның поэзиясының халық арасына кеңінен тарап, ғақлия, нақыл, афоризмдерге айналуы, мақал-мәтел болып жетуі де көркемдеу тәсілінің кереметтігінде. Бұқар жырау Калқаманұлы шын мәнінде көне қазақ поэзиясының ең тұлғалы өкілдерінің бірі.
1993 жылы жыраудың 325 жылдық мерейтойын атап өтіп. Жыраудың мәңгі есте қалдыру жөнінде айтарлықтай қадам жасалды деуге болады. Бұрынғы Ульянов мамандырылған бірлестігі мен Озерное селосына Бұқар жырау есімі берілген. Кейін, 1997 жылы Ульянов және Тельман аудандары біріктірілгенде, аудан ұлы абыздың атымен аталды. Қарағандыдағы сәулетті көшелерінің бірі Бұқар жырау даңғылы деп аталады. Мерейтой салтанаты үстінде осы көшенің бойында, темір жол вокзалы алдындағы кең алаңда Бұқар жырау ескерткіші ашылды. Ескерткіштің авторы – жерлес мүсінші Мұрат Мансұров.
Ал, Бұқар жырау жерленген Далба тауының етегінде халқымыз әулие деп танитын ұлы абыздың кесенесі салынып, ол 1993 жылы 21 тамыз күні салтанатты түрде ашылды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Кесененің ашылу салтанаты көне Далба тауы етегіндегі салқар тойға ұласты.
Кері қайту
Шөже Қаржаубайұлы
1808 жылы қазіргі Нұра ауданының жерінде кедей шаруа отбасында туған. Ол қазақ халық ақыны, жыршы. Аталары Қуандық. Шөженің әкесі құлдықта, шешесі күндікте өткен адамдар. Өзі де жасынан жетім қалып, бай босағасында малайлықта күн кешкен. Өлең шығару таланты жас кезінен-ақ байқалған, бала кезінде аурудың салдарынан зағип болып қалған.
Шөже – өрен жүйрік айтыс ақындарының бірі. Айтыстарға қатысқанда қалыптасқан әлеуметтік-философиялық көзқарастары болды. Адамгершілікке жат кесілді кемшіліктерді әшкерелейді.
Шөже айтыстары өзінің өткірлігімен де, шынайылығымен де, сыншылдығымен де көзге түседі. Ол Кемпірбай, Тезекбай, Жәмішбай, Келдібай, Балта, Орынбай, Серәлі, Шортанбай Тазбала және қыз ақындарымен айтысқан. Үлкен айтыстарда 17 рет жеңіп шыққан. Өзінің асқан шешендігімен, суырып салма төкпелігімен, көкейкесті мәселелерді қозғауымен және ауылдағы ат төбеліндей бай-шонжарлардың екі жүзді зұлымдылығы мен парақорлығын жұрт алдында батыл аяусыз әшекерелеумен кеңінен танымал болған.
Шөже айтысқа тәсіп қана қоймай, кезінде арнау өлеңдер де айтқан. Оның бізге жеткен бірнеше толғаулары да бар. Олар: "Арқадан шығып едім Ноғайға еріп", "Дәуке, осынша не қылды бейілің қашып", "Домбыра шыққан тыңқылдан", "Жиылған көп жамағат отыр қоршап", "Ассалаумағалайкем, қара Бәйтек", "Бәйтікке", "Кім өлсе, соған түсер заман ақыр", "Қос құлаққа", "Ерден батырға", тағы басқалар.
Асқақ жыршы, лирикалық-эпикалық дастандарды шебер орындаушы болған. Абаймен кездесіп, халық эпостарын, әндері мен аңыздарын білетіндегімен оған зор ықпал жасаған. Ш.Ш.Уалиханов 1864 жылы 6 наурызда өзінің Омбыдағы пәтерінде Шөже орындаған "Қозы Көрпеш–Баян сұлу" дастанының ең таңдаулы нұсқаларының бірін жазып алып, Шөженің ақындық шеберлігіне жоғары баға берген. Қорыта айтқанда Шөже Қаржаубайұлы–XIX ғасырдағы қазақ поэзиясының аса ірі тұлғаларының бірі.
Кері қайту
Шашубай Қошқарбайұлы
Шашубай Қошқарбаев - ән мен жырдың еркесі Біржан сал, Ақан сері, Шөже, Кемпірбай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Жарлығапберді, Ғазиз, Мәди сынды ақындық, әншілік, орындаушылық яки синкретикалық өнердің иесі.
Тіпті қазақ елінің көшпелі театры, дала циркі, қазақ эпосының архиві болған өнерпаз деуге де әбден саяды. Ол 1865 жылы бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Балқаш болысында, "Сарышаған" деген жерде туады. Анасы Күнбала: "Атаң Жандабай сынды, аузынан жыры ақтарылған бұлбұл көмей болар ма екенсің?" - деп армандайды екен. Ана арманының ақиқатқа айналғаны ғой. Шашубай он екі жасында сол маңдағы байлардың шашбауын көтеріп жүрген әлде бір ақынсымақ шалмен, он үшінде Жақай, Кенжебала сияқты осы елдің ақын қыздарымен айтысып, ел көзіне ерте түседі.
Шашубай өз заманының өнер қайраткерлерімен, даңқты адамдарымен араласып жүрген. Ол Жетісу елінде Майкөт, Жамбыл, Қуандық, Сарыбас тәрізді арынды ақындарымен сөз бәйгісіне түскен, Шөжеге жолығып, онымен бірге қазақ, қырғыз елін аралады.
Осы бір өнер сапарында, Шөженің айтуынан, оның Кемпірбай ақынмен айтысын жаттап алған.
Қояндыда Біржан салмен кездесіп, одан бата алған.Шашубай Шөже, Кемпірбай, Біржан салдары өзіне ұстаз тұтса, замандастары - Жамбыл, Әсет, Нүрпейіс, Ажар, Қақпан, Естай, Доскейдің де ықпалы аз болмаған.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған мәдени-рухани байлығын емін-еркін игерген, халық жырының мұхитында өскен жел жетпес жүйрік халық әндері мен қисса-дастандарды және толғауларды жатқа білген. "Тоты", "Қамбар батыр", "Ақтамберді", "Сұраншы Бөкей" дастандарын ел ішінде айтып жүрген. Сондай-ақ, Ақтамберді Сарыұлының "Күмбір-күмбір кісінетіп" өлеңін 1940 жылы Ш.Қошқарбайұлының айтуынан С.Мұқанов жазып алған екен. Шашубайдың "Майда қоңыр", "Ырғыма-сырғыма", "Мамық қызға", "Ақ қайың", "Сырлы қайың", "Жамалға", "Кербез кер" және тағы басқа әндері көпшілікке мәлім. Бұл әндерінде махаббат, өнер, табиғат туралы ой шертеді.
Совет өкіметі орнағаннан кейін Шашубай жаңа тақырыпқа көптеген өлеңдер шығарады. Октябрь революциысының жеңістерін, Ленинді, Коммунистік партияны, Отанды жырлайды, Қарағанды, Балқаш жұмысшыларының еңбек өмірін бейнелейді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында тың еңбеккерлерін жеңіске жігерлендірген ақындар айтысын бастаушылардың бірі. Ол Көшен Елеуовпен (1943) және Болман Қожабаевпен (1944) айтысты. Онда ақын туған жер тереңінде тұнып жатқан қазына-байлықты тебірене жырлайды.
Шашубай 1909 жылы Жамбылмен, 1928 жылы Жетісудың Қуандық ақынымен айтысқан.
"Шашубай мен қасқырдын айтысында" Шашубай өзін қасқырмен сөз бәсекесіне түсіреді. Бұл - мысал айтыстың аса бір тамаша, шебер, көркем үлгісі.
Ақын өлеңдері кезінде мерзімді баспасөз беттерінде, жалпы жинақтарда жарияланып отырды. 1942 жылы Сағынәли Сейітовтың құрастыруымен "Сөйле Шашеке" атты жинағы шықты.
Өкімет пен партия Шашубай Қошқарбайевтың творчествосын дер кезінде бағалап, оған "Қазақ ССР-ның өнеріне еңбегі сіңген қайраткері" (1941) деген құрметті атағын берді. "Құмет белгісі" орденімен (1945) наградталды. Замандас Доскей Әлімбаев айтқандай, халыққа әнмен өріп, сөз тартқан Шашубай шығармасы толқын-толқын буындардың рухани-эстетикалық нәр алар асыл мұрасы болып қала берері сөзсіз.
Кері қайту
Ілияс Мәңкіұлы
1880 жылы қаңтар айында Қарағандыға жақын Нұра өзенінің бойында, Ботақара деген таудың етегінде кедей шаруа отбасында туған.
Ілиястың әкесі – Мәңкі, Мәңкінің әкесі Қайдауыл, оның әкесі – Жиенәлі, үшеуі де батыр, ақын әнші, сөзге ұста, ділмар болған адамдар. Әкесі Мәңкінің шешендік сөзі, шешесінің ақындығы, ағасы Көппай мен Тахауяның қиссашылдығы, апасы Қадишаның өлеңші, әншілігі, нағасышысы Соңтуғанның айтысқа шеберлігі жас Ілиясқа дүние есігін ашқан өмір мектебі болған.
Ілияс шығармашылығы негізінен екі дәуірге бөлінеді: революцияға дейінгі және одан кейінгі. Бірінші дәуірінің өлеңдерінде шаруалар мен жұмысшылардың аянышты халін көрсете отырып, үстем тап өкілдерін - байларды, би-болыстарды, саудагерлерді әшкерелейді. Ілиястың совет діуіріндегі поэзиясын жанрлық жағынан алғанда, жоқтау, көңіл айту, естірту, сәлем хат, толғау түрінде де, эпикалық жыр дастан, айтыс түрінде де кездеседі.
Солардың ішінде ең көп қолданғаны - саяси лирикалық өлеңдер мен дастандар. Ілияс Қарағандының ақындары Қайып Айнабеков, Көшен Елеуовпен сөз сайысына түсіп, айтыс өнерімен де өзін республикамыздың әдебиет жұртшылығына танытты.
Отан соғысы жылдарында өзара сынның өткір құралына айналған айтыс жанрын дамытуда Ілиястың атқарған қызметі зор. 1944 жылы 25 маусымда ол жергілікті басшылығымен Қарағанды халық ақындарының айтысын ұйымдастыруға белсене ат салысты. өзі айтысқа түседі. 1948 жылы мамыр айында Қарағанды қаласында болған Қарағанды көмір тресі кеншілерінің облыстық мәслихатына қатысады. Мәңкіұлының сол кезеңдегі неғұрлым кең тараған шығармалары: "Нұра бойын жағалап", "Қайғырма, қапаланба", "Қайысты қабырғасы жұмысшының" т.б. Октябрь жеңісі туралы "Капитал дүниесі қираған күн" өлеңін жазды. "Бекбосын" поэмасы революциялық қозғалысқа қатысушы шахтер-қазақ Б.Сиқымбаевтың бақыт жолындағы қажырлы еңбегіне арналды.
Ілиястың таңдаулы өлеңдері радиода, адебиет кештерінде жиі оқылып тұрады, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланып отырды.
Шахтер Ілияс 75 жасқа қараған шағында 1954 жылы дүние салды.
Кері қайту
Әсет Найманбайұлы
1867 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, "Қызыл-арай" ауылында туған. Ол қазақтың суырыпсалма ақыны, әнші-композиторы. Әсеттің әке-шешешесі кедей, шаруа адамдар болған. Кейін ер жетіп, есейіп, айтысқа түскен кезінде де кейбір ақындар оның кедейлігін бетіне басады. Алайда нағыз байлық өнер мен білімде деп түсінген Әсет ешкімге қара сөзден дес бермеген. Әсет ескіше оқыған, көзі ашық адам болған. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі әсіресе айтыс жанрында кеңірек танылды.
Мысалы, әйгілі ақын-қыз Ырысжанмен айтысқанда Әсет он сегізде ғана екен, соған қарамастан қыздың айтқан небір қиын жұмбақтарын қиналмай, қолма-қол шешіп береді. Бұдан ақынның білімді, зерделі екендігі айқын аңғарылады. Сөйтіп, Әсет пен Ырысжанның айтысы–көркемдігі, сөз қолдану шеберлігі жөнінен Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық туынды болып табылады.
Әсет – негізінен айтыс ақыны. Ол Ырысжаннан басқа Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындарымен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің "Салиха-Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұрғыман-Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жұмсап", "Кешубай" атты қисса дастандары бар.
Ол А.С.Пушкинның "Евгений Онегин" романын аударып (еркін аударған) оны өзі қисса етіп жырлаған.
Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті. Жас кезіндегі әндерінде ("Кіші Ардақ", "Үлкен Ардақ", "Қаракөз", "Мақпал") психологиялық тереңдікпен адамның жан дүниесін қозғайтын нәзік лирикалы Ақан әндерінің әсері байқалады. Бұл оның қалыптасу, өзіне тән тармақтарының музыкалық-синтаксистік ерекшеліктері Әсет әндеріне де тән. "Інжу-Маржан" әні (кейде "Әсеттің әні" деп те аталады) өз стилін айқындай түскен туынды. Сондай-ақ "Ырғақты", "Аққарагер", "Қаракөз", "Майда қоңыр", "Жалған-ай", "Сырмақ үйкер" т.б әндерінің авторы.
1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядттардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет Қытайға өтіп кетеді. Октябрь революциясы жөніндегі хабарды ол қуана қарсы алады, жат жерде жүріп Отанын аңсайды. Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болды.
Кері қайту
Нарманбет Орманбетұлы
Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі - Нарманбет Орманбетұлы Қарқаралы уезінде (қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы) 1860 жылы туып, 1918 жылы Қарқаралы уездік соттың төрағасы болып жүрген кезінде қайтыс болған. Абаймен аталас туыстығы бар, жасынан-ақ зерделік танытқан Нарманбетті әкесі ауыл молдасына беріп, азғантай сауатын ашады. 14 жасында Нарманбет Қарқаралыға барып, ноғай көпесінің үйінде жатып, орысша екі кластық мектепте оқиды. Мұнда бір жылдай оқыған Нарманбет бұдан кейінгі уақытта өз бетімен ізденіп, орысша, мұсылманша мол білім жинақтайды. өзге елдер ғалымдарының, жазушыларының еңбектерін оқиды. Соның нәтижесінде табиғатынан зерек Нарманбет ел ішіне белгілі шешен атанады.
Н.Орманбетұлының көпке мәлім алғашқы өлеңі 14 жасында жазылған. Әйтсе де оның шынайы ақындық өнер жолына түсуі, Абай поэзиясымен тікелей танысқан, сексенінші жылдардан басталса керек. Ендігі жерде Абай өлеңі Нарманбет үшін бағыт-бағдар берер темір қазыққа айналды. Күні кешеге дейін Нарманбеттің есімі "зар заман ақындары" деген қатарда аталып, оның өлеңдері идеологиямызға жат, түсінігі теріс дүниелер делініп келді. Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30–40-шы жылдар кезеңі 50-ші жылдар басындағы қабылданған қаулыларды жан-жақты зерттеген арнайы комиссияның қорытындысында бір кездегі өрескел бұрмалаушылықтан зардап шегіп, жазықсыз жалалы болғандар арсында Нарманбеттің де есімі аталып, ол ақындардың шығармашылық мұраларына әділ баға беру, оларды халық игілігіне айналдыру қажеттігі тұжырымдалды.
Нарманбет шығармашылығы көркемдік деңгейі жоғары, идеялық - тақырыптық ауқымы кең, өзіне тән ерекшелігі мен қайшылығы бар мол мұра. Оның дені - лирикалық өлеңдер. "Нарманбет сөзсіз ірі, талантты ақын, ол өз дәуірінің зор реалист сыншысы, - дейді профессор Е.Ысмайылов. - Мұның шығармашылығында ХIХ ғасырдың ақыры мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының саяси-экономикалық және әлеуметтік шындығы, бейнесі айқын көрінеді. Нарманбет шығармашылығының негізгі мотиві - ол халықтың қоғамдық өмірін айтып, жырлап беру."
Нарманбет поэзиясын Абай дәстүрімен сабақтастырып жатқан ең негізгі нәрсе - ондағы өмір шындығын, қоғамдық құбылыстарды шынайы әрі сыншылдықпен бейнелейтін реалистік тәсіл. Нарманбет жырлары да өз кезіндегі қоғамдық қайшылықтарды әшкереледі, жандайман әкімдерді, болыс - билерді аяусыз сынады, халықтың басындағы ауыртпалық бұлтын сейілтуге ұмтылып, бұқараны оқу-білімге шақырды.
Заман шындығы - Нарманбет поэзиясының басты тақырыбы. Ақын өлеңдеріне тән сыншылдық пен шыншылдық та, ұғым қайшылығы да осы тұстан көрінеді. Бұл тақырыптағы "Заман", "Аждаһаның аузында", "Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер", "Кер заман", "Сарыарқа сайран жерім - ай", "Сарыарқа", "Шал қайғысы", "Сахараға қарасақ", "Қазақ ұлы біз тұрмыз", "Жасқаншақ бас" сияқты өлеңдерінде Нарманбеттің шындықты көркем бейнелеудегі шеберлігі мейлінше мол танылады. Әсіресе шеберлігі сол кездегі патшалық Ресей тарапынан жүргізілген отарлау саясаты Нарманбетке қатты әсер етті. Қазақ даласында пайда болған қиын жағдайлар, шаруа адамның басына түскен ауыртпалық ақынды қатты күйзелтті. Өз өлеңдерінде ол отаршыл патша өкіметін аждаһаға теңейді.
Нарманбет – тарихтың күрделі кезеңінде өмір сүрген, үш бірдей төңкерісті бастан өткерген адам. 1905 жылғы бірінші орыс революциясы тұсындағы қоғамдық - әлеуметтік жағдай, 1917 жылғы төңкерістер Нарманбет өлеңдерінен мол көрініс тапты. 1905 жылы жазылған "Сахараға қарасақ", "Мектеп бастығына", "Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер", 1917 жылы жазылған "Тілекті хақ берген күн", "Дауысың қалай ашылды", "Ұран" сияқты өлеңдері осының айғағы. Нарманбет әсіресе 1917 жылы ақ патшаның тақтан құлауына ерекше қуанды. "Әлемді жұтқан айдаһар, мерт болып бүгін өлген күн" деп жар сала тұрып "Тілекті хақ берген күн" деген өлеңін жазады. Қуанышын ұран етіп елге жаяды. Өзінің "Ұран" деп аталатын өлеңінде ақын "Қариялар қайдасың?", "Азаматтар, қайдасың?", "Ақындарым қайдасың?" деп, олардың әр қайсысын бірлікке, ел бастауға, батыл іске шақырады.
Өлеңдеріндегі гуманистік, ағартушылық сипаттар арқылы да Нарманбет Абай поэзиясымен тамырласып жатыр. Ақын туған халқын оқу - білімге, ғылымға шақырады, еңбек пен білімді уағыздайды. Ақынның осы тақырыптағы өлеңдерінің бірі - 1900 жылы жазылған "Бала қандай" атты ұзақ өлеңі.
Сондай - ақ өлеңдерінің көркемдік өрнектері, образдылығы, тіл шешендігі, теңеулер мен афоризмдерге байлығы жағынан Нарманбет поэзиясы негізінен Абайдың лирикасын еске түсіріп жатады. "Шал қайғысы", "Ауыл қайғысы", "Кер заман", "Толғау тоқсан қызыл тіл" сияқты өлеңдері тікелей ұлы ұстазының үлгісімен үндес, сабақтас.
Кері қайту
|